
Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы ғылым жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысы Жұбанов университетінде өтті
2025 жылдың 8 сәуірінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ғылым жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысы өтті. Іс-шара елімізде 12 сәуірде атап өтілетін Ғылым қызметкерлері күнін мерекелеуге орай ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар – облыстық әкімдік пен өңірлік университет.
Кеңес жұмысына оның төрағасы, облыс әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер, жетекші ғалымдар, университет оқытушылары мен жас зерттеушілер қатысты.
«Кеңес отырысы – өңір үшін маңызды және тарихи қадам», - деді облыс әкімі. Ол өңірдің орнықты дамуы үшін ғылымның маңыздылығын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі ғылымды дамытуға қатысты Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмаларын еске салды.
«Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – озық ойлы ұлтқа айналу. Оған білім мен ғылымды дамытпай, қол жеткізу мүмкін емес. Ақтөбе облысы – тек қана Батыс Қазақстанның индустриалдық және экономикалық орталығы ғана емес, сондай-ақ жоғары әлеуеті бар интеллектуалдық хаб. Облысымызда мұнай, тау-кен өндірісі және металлургия салалары дамыған, сондай-ақ күшті бейінді және көпсалалы университеттер жұмыс істейді. Өңірде Ғылым кеңесінің құрылуы — академиялық ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған қадам, нақты ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс алаңы болуы керек», - деп атап өтті Асхат Шахаров.
Ол сондай-ақ кеңес аясында өнеркәсіп, университеттер, бизнес және қоғамдық ұйымдар арасындағы диалог үшін жағдайлар жасалатынын айтты. Облыс әкімі пилоттық жобаларды іске асыруға және жаңа идеяларды енгізуге белсенді көмектесуге дайын екендігін жеткізді.
Облыстық бюджеттен ғылымды дамытуға арнайы қаражат бөлінді. Бұл шешім Президенттің тапсырмаларын ескере отырып, қабылданды және әкімнің пікірінше, өңірдің ғылыми экожүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді. Атап айтқанда, аймақта Жұбанов университетінің базасындағы Ұлттық академиялық және зерттеу өнеркәсіптік орталығы Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобасын табысты іске асырылуда. Жоба «Қазхром» компаниясымен бірлесіп қаржыландырылады және тұрақты даму перспективалары бар.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова да университеттің ғылымды дамытудағы рөлін және ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды нақты өндірістерге енгізудің маңыздылығын алға тартты. Лаура Қарабасова кеңеске модератор болып, университеттің ғылым мен білімнің өңірдің тұрақты дамуына қосар үлесі жөнінде сөз қозғап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс пен бірлескен жобаларға ерекше мән берді.
Іс-шара барысында бірнеше жетекші ғалым өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, PHD докторы, «Академиялық және ғылыми-зерттеу орталығының» жетекшісі Ербол Шабанов техногендік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологиялары туралы баяндады.
«Біз ұсынатын әдістер өңіріміздің тұрақты дамуына ықпал етеді. Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа экологиялық өндірістер қалыптасып, табиғатқа келетін салмақ азаяды», - деді Ербол Шабанов.
Оның сөзінше, жаңа технологиялар өндірістік қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін залалын азайтады, экономикалық жағынан тиімді.
Өз кезегінде биология кафедрасының доценті, PHD докторы Арман Исимов ауыл шаруашылығы жануарлары ауруларының эпидемиологиялық мониторингі бойынша өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне тоқталды.
«Жануарлар ауруларына дер кезінде ден қою – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадамы. Біздің зерттеу нәтижелеріміз нақты профилактикалық шаралар ұсынуға мүмкіндік береді», - деп сендірді ЖОО оқытушысы.
Жаңа зертханалардың, соның ішінде молекулалық және жасушалық биотехнология зертханасының, сондай-ақ аймақтың ғылыми әлеуетін және халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқан зерттеулерді айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін Академиялық және зерттеу үстемдігі орталығының зертханасының салтанатты ашылуы да маңызды оқиға болды.
Кеңес отырысынан кейін облыс әкімі Асхат Шахаров жаңадан ашылған зертханаларды аралап, олардың мүмкіндіктері мен аймақтың ғылыми дамуына қосар үлесін жоғары бағалады.
Іс-шара соңында Асхат Шахаров ғылымды қолдау өңірді дамытудың негізі екенін, болашақта ғылыми зерттеулерді дамытуға және оларды нақты өндірістік процестерге енгізуге бағытталған бастамалар жалғастырылатынын атап өтті.