Басты бет > Ғылым және инновация > Жұбанов университетінде ғылымды коммерцияландыру форумы өтті
4
Жұбанов университетінде ғылымды коммерцияландыру форумы өтті

2025 жылдың 9 сәуірінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Ғылымды коммерцияландыру: идеяларды бизнеске айналдыру» атты II форум өтті. Іс-шараға жергілікті бизнес өкілдері, өндіріс басшылары, ғалымдар мен студенттер қатысты.

Форум модераторы ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров ғылым мен бизнестің өзара ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, университет ғалымдары мен студенттерінің ғылыми идеяларын коммерциялық өнімдерге айналдырудың қажеттігін атап өтті.

– Бүгінгі шара нақты мәселелерді талқылауға арналып отыр. Кәсіпкерлермен серіктестік клубын құру және ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайту жолдарын қарастыру – басты мақсатымыз, – деді проректор.

Шара барысында «КазЭнергоМашЭкология» ЖШС өкілі, ғылыми жоба жетекшісі Сергей Токарев Жұбанов университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан қолданбалы жобалар тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, 2024 жылдың тамызында Жұбанов университеті мен аталмыш компания бірлесіп әзірлеген «Жасыл технологиялар стандарттарына сәйкес газды тазалау жабдықтарын енгізу үшін жаңа өндіріс ұйымдастыру» жобасы мемлекеттік грант иеленді.

– Жоба Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған. Оның бастамасына еліміздің өнеркәсіптік қалаларындағы экология мәселелерін тиімді шешу қажеттілігі себеп болды. Сонымен қатар, жобаның тағы бір мақсаты – әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті сүзгілеу жабдықтарын шығару. Грант аясында Қарағанды қаласында жаңа өндірістік цех ашылып, заманауи құрал-жабдықтар мен қажетті материалдар сатып алынды. Бұл өндірістің сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Болашақта бұл өндіріс Жұбанов университеті түлектері үшін де жұмыс көзіне айналмақ, – деді Сергей Токарев.

Форум аясында университет ғалымдары мен студенттері өздерінің қолданбалы жобаларын кәсіпкерлерге таныстырды. Соның ішінде «Мұнай-газ ісі» кафедрасының 3-курс студенті Ерасыл Жолгелдиев өзінің отбасылық шаруашылығында заманауи автоматтандырылған қожалық жүйесін іске қосуға бағытталған жобасымен бөлісті. Бұл жоба ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды тиімді қолдануға бағытталған.

– Мақсатым – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру. Заманауи технологияларды енгізу арқылы еңбекті жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға болады, – дейді жобаның авторы.

Форум барысында Жұбанов университеті бірқатар кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы маңызды меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттар ғылым мен бизнестің өзара байланысын күшейтіп, өңірдегі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашпақ.

Ғылыми жиында қатысушылар ғылымды коммерцияландырудың қаржылық және салықтық аспектілерін, жаңа технологияларды қолданудың тиімділігін, сондай-ақ инновациялық жобаларды іске асыру жолдарын жан-жақты талқылады. Форум қорытындысы бойынша ғылым мен бизнестің интеграциясы арқылы жаңа технологиялар мен шешімдерді енгізу жолдары айқындалып, өңірлік ғылыми әлеуетті тиімді пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылды.