Басты бет > Жаңалықтар > ERG компаниясы Жұбанов университеті студенттеріне тәжірибе мен жұмыс ұсынды
4
ERG компаниясы Жұбанов университеті студенттеріне тәжірибе мен жұмыс ұсынды

Бүгін Жұбанов университетінде Еуразиялық топ құрамына кіретін кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен «ERG күні» шарасы өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты – студенттерге «Қазхром» ТҰК « АҚ кәсіпорындарында тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ компания қызметімен жан-жақты таныстыру болды.

Іс-шараға университет өкілдері, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» мамандары мен 4-курс студенттері қатысты.

Жиын барысында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының персонал және мәдениет жөніндегі директоры Дина Жаңғалиева компания ұсынатын жеңілдіктер мен қызметкерлерге арналған өтемақылар, сондай-ақ қызметкерлерді дамытуға бағытталған іс-шаралар туралы кеңінен ақпарат берді.
— Бүгінгі кездесуде бітіруші түлектерге Еуразиялық топ құрамына кіретін кәсіпорындар қандай мүмкіндіктер ұсынатыны жөнінде ақпарат бердік. Студенттер өте белсенді қатысып, көптеген сұрақтар қойды. Өзін нақты қандай мансап жолынан көретінін білетін жастарды көргенімізге қуаныштымыз, — дейді Дина Жаңғалиева.

Сонымен қатар кездесуде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Электр станцияларының әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы маманы Сабина Туктамышева электр станциясында тәжірибе өту мүмкіндіктері жөнінде баяндады.

Бұл іс-шара студенттер үшін болашақ кәсіби бағдарын нақтылауға, еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен танысуға және өндірістік саладағы нақты тәжірибені түсінуге үлкен мүмкіндік берді.