
Студенттер өнер арқылы экологияға үлес қосты
Бүгін Жұбанов университетінде ерекше әрі мағыналы көрме өтті. ArtHouse студенттік ұйымының «Қалдықсыз шығармашылық» экологиялық арт-инсталляция көрмесі өнер мен экологияның өзара байланысын көрсететін маңызды мәдени шара болды.
Көрмеде студенттердің қайта өңделген материалдар мен табиғи ресурстарды қолдану арқылы жасаған шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Авторлар экологиялық жауапкершілікке мән беріп, тұрмыстық қалдықтарды екінші өмірге әкелу идеясын өнермен ұштастырды.
Көрменің басты мақсаты – қоғамға қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын жеткізу және экологиялық тұрақтылықты насихаттау. Жас суретшілер өз туындылары арқылы табиғат, адам және қоғам арасындағы үйлесімділікті бейнелеуге тырысты. Бұл жобалар өнердің тек эстетикалық құрал емес, сонымен бірге әлеуметтік-экологиялық мәні бар күш екенін көрсетті.
«Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Алманұр Мұханбедиярова мен Ақтілек Еркінова өз жұмыстарында Жер шарының жағдайын суреттеу арқылы адамзаттың табиғат алдындағы жауапкершілігін жеткізуді мақсат еткен. «Біз туындымызда газет қиындыларын, пластик бөтелкелер мен қағаз қалдықтарын қолдандық. Адам мен Жер арасындағы байланысты көрсету үшін жер шарын құшақтап тұрған адам бейнесін таңдадық. Мақсатымыз – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдей отырып, табиғатты қорғау, экологиялық тәрбие мен жаһандық жауапкершілік идеяларын кеңінен тарату», – дейді олар.
«Қалдықсыз шығармашылық» көрмесі жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрақты даму мен жауапты тұтыну идеяларын насихаттауға үлкен серпін берді. Шара аясында көрермендер өнер мен экологияның өзара үндесе алатынына көз жеткізіп, мұндай бастамалардың шығармашылыққа жаңа тыныс сыйлайтынын атап өтті.