Басты бет > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
4
Жұбанов университетінде жас ғалымдарға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

2025 жылдың 14 сәуірі күні Жұбанов университетінде «Жастар, ғылым және инновация» атты ХХI халықаралық дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Бұл маңызды алаңға шетелдік және отандық ғалымдар, жас зерттеушілер, магистранттар мен студенттер қатысып, жаңа ғылыми жетістіктер мен инновациялық бастамаларды талқылады.

Конференцияның модераторы, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров жиынның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конференция барысында ғылыми және инновациялық дамудың негізгі мәселелері қарастырылды. Әртүрлі бағытта ұсынылған баяндамалар мен зерттеулер бүгінгі ғылым мен инновацияның өзекті аспектілерін қозғады. Атап айтсақ, Хериот-Уотт университеті Ақтөбе кампусының қауымдастырылған профессоры, Dr. Fabio Grazioso жасанды интеллект пен терең оқыту әдістерінде кескіндерді сегментациялау үшін тиімді қолдану тәсілдері жөнінде баяндама жасады. Ал Ұлыбританияның Суррей университетінің PhD дәрежелі оқытушысы Viachaslau Filimonau Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігінің тұрақты және инклюзивті экономикаға ықпалы туралы баяндамасын ұсынды. «Жасыл» әйелдер кәсіпкерлігі әлеуметтік және экономикалық даму тұрғысынан өте маңызды, себебі әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жергілікті қоғамды нығайтып, экономиканың тұрақтылығына септігін тигізеді», - деді автор.

Сондай-ақ И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Айнура Джолдошова дизайнерлердің жобалық құзыреттілігін дамыту мәселелерін көтерді.

PhD, қауымдастырылған профессор Мұрат Махамбетов Ақтөбе облысындағы жайылымдық экожүйелердің экологиялық жағдайын бағалауға арналған зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Бұл жұмыс аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды ұсыныстарды қамтиды. Философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин ғылымның дамуы мен этикалық мәселелер арасындағы өзара байланысты талқылады. Ол қазіргі ғылыми зерттеулердің этикалық нормаларға сай болуының маңызды екенін атап өтіп, жаңа технологиялар мен әдістердің кейде этикалық мәселелер туындатуы мүмкін екенін айтты.

Сонымен қатар PhD, аға оқытушы Жайлан Туткушева «Көп айнымалылы функциялардың глобалдық минимумдарын жоғары дәлдікпен анықтау», PhD, аға оқытушы Асель Утегенова «Қазақстан Республикасының батыс өңіріндегі тілдік жағдаяттың ерекшеліктері» және PhD, аға оқытушы Гульнара Обаева «Ұлттық жады мен постмодерн: фольклордың қазіргі әдеби контекстегі көрінісі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады. 


Әрбір баяндамашының жұмысы ғылым мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға, жаңа әдістер мен технологияларды дамытуға бағытталған. Конференцияға қатысушылар ғылым мен инновацияның түрлі салалары бойынша пікір алмасып, жаңа зерттеу нәтижелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар конференция жастардың ғылымға қосатын үлесін атап өтуге және олардың ғылыми зерттеулер арқылы әлемнің дамуына ықпал етуіне мүмкіндік берді.