
Қырғызстандық студенттердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтті
Бүгін Жұбанов университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келген И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті студенттерінің шығармашылық көрмесі өтті. Шара барысында қырғызстандық жас дизайнерлердің өзіндік қолтаңбасын танытқан шығармашылық жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Көрмеге графикалық және қолданбалы өнер туындылары, сәулет жобалары, авангардтық сән топтамалары, макраме техникасында орындалған қолөнер бұйымдары, сондай-ақ студенттердің жеке авторлық жобалары қойылды. Әрбір туынды шығармашылық жаңашылдығымен, көркемдік ерекшелігімен және идеялық мазмұнымен көзге түсті.
Іс-шара аясында шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша университетке арнайы шақырылған қонақ – И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Айнура Джолдошева сөз сөйлеп, университеттер арасындағы ғылыми және шығармашылық әріптестіктің маңыздылығына тоқталды. Профессор көрменің негізгі мақсаты – сәулет және дизайн салаларындағы заманауи бағыттарды көрсету, студенттер мен оқытушылар арасында шығармашылық идеялармен алмасуға жағдай жасау және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту екенін атап өтті.