
Zhubanov university ғалымдары Web of Science деректер базасының ең көп дәйексөз келтірілген авторлар тізіміне енді
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы 2020-2024 жылдар аралығында Web of Science деректер базасындағы Қазақстанмен байланысы бар мақалалардың ең көп дәйексөз келтірілген авторларының тізімін жариялады. Тізім алты негізгі ғылыми бағыт бойынша жасалған.
Бұл тізімде Жұбанов университетінің бірнеше ғалымы ең көп дәйексөз келтірілген жетекші ғалымдар қатарынан табылды. Атап айтсақ, гуманитарлық ғылымдар және өнер бағыты бойынша университетіміздің ректоры, білім беру бойынша философия докторы (PhD) Лаура Қарабасова (1орын), тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Избасарова (20 орын), педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Төребаева (46 орын), педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мейрамгүл Есенғұлова (46 орын), ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары бағыты бойынша биология кафедрасының доценті, PhD Арман Исимов (10 орын) және техникалық ғылымдар бағыты бойынша Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының жоба жетекшісі, PhD Дамира Мусина (30 орын).
Барлық ғылыми бағыттар бойынша ең көп дәйексөз келтірілген 50 автордың тізімі ұсынылды. Әрбір автор тек бір ғылыми бағытқа жатқызылған.
Дәйексөздер саны ғалымдардың зерттеулерінің өзектілігі мен сапасын көрсетеді, бұл олардың ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланғанын және зерттеу нәтижелерінің үлкен әсерге ие екенін білдіреді.
Ғалымдарымызды ғылыми жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта да жаңа ғылыми белестер мен жеңістерге жетулеріне тілектестік білдіреміз!