
Жұбанов университетінің «Күміс университет» жобасы биылғы маусымын сәтті аяқтады
Жұбанов университетіндегі әлеуметтік маңызы зор «Күміс университет» жобасы биылғы маусымын сәтті аяқтады. Бүгін 170-ке жуық тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Осы жоба аясында олар қазақ тілі, ағылшын тілі, цифрлық сауаттылық, емдік дене тәрбиесі, тігін, шахмат және басқа да бағыттар бойынша 2,5 ай көлемінде білімдерін арттырды.
Университет ректоры Лаура Қарабасова биылғы жылы егде жастағы студенттердің уақытын сапалы ұйымдастыруға да басымдық берілгенін атап өтті.
«Қазіргі еңбек нарығының өзгерісі, жасанды интеллект, ақпараттық толқынның артуы көптеген адамдардың жан-жақты дамуына қажеттілік туындатып отыр. Біз биыл цифрлық сауаттылық, ағылшын тілі сияқты нақты дағдылармен қатар, вальс билеу, қолөнер, шахмат сияқты уақытты сапалы өткізуге мүмкіндік беретін жаңа бағыттарды да ұсындық. Тұрғындардың қазақ тіліне деген сұранысы бізді қуантты. Біз әрқашан ашықпыз. Сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, жаңа бағыттарды ашуға дайынбыз», - деді ректор.
Шарада жоба барысындағы қызықты сәттер мен жетістіктер айтылып, қатысушылардың әсерлі пікірлері тыңдалды.
Өмірсерік Оразалин биыл бұл жобаға екінші рет қатысып отыр. Журналистика саласында 45 жыл қызмет атқарған ардагер былтыр цифрлық сауаттылығын арттырса, биыл емдік дене шынықтыру және психология курстарын тәмамдаған. «Жасымыз ұлғайған сайын денсаулыққа көбірек көңіл бөлу керек. Психологияға қызығушылығым бұрыннан бар еді. Бұл курстар маған өте пайдалы болды», - дейді Өмірсерік ағай.
Ал Бакыт Магомедова ағылшын және шахмат курстарын бітірген. «Шетелде тұратын достарым бар, телефон арқылы сөйлесеміз. Осы курсты оқығаннан бері еркін сөйлесе аламын. Сабақтар қызықты өтті. Группада 16 адам болдық. Білім алудың ерте-кеші жоқ. Оқытушымыз біз сабақ оқып жатқанда көздеріңіз жанып тұрады деп айтады. Бар ынтамызбен, қызығушылықпен оқыдық. Бұл жоба өте сәтті деп есептеймін, себебі біз секілді үлкен кісілер үйде отырмай, белсенді болғысы келеді», – дейді ол.
Айта кетейік, «Күміс университет» жобасы 2021 жылы «Өмір бойы оқу» тұжырымдамасы аясында бастау алған болатын. Ол университетте әлеуметтік тұрғыда маңызды әрі сәтті жүзеге асқан бастамалардың бірі. Шара барысында егде жастағы студенттерге сабақ беріп, жобаның жүзеге асуына үлес қосқан оқытушыларға алғыс хаттар табыс етілді.