
Студенттер университет аумағын абаттандыруға үлес қосуда
Жұбанов университетінің «Биология» білім бағдарламасының студенттері теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, университет аумағын көркейтуге үлес қосуда. Олар өздерінің жетекшісі, жылыжай меңгерушісі, тәжірибелі агроном Сарбиназ Ешмұратовамен бірге түрлі гүлдер мен көкөніс дақылдарын өсірді.
Сарбиназ Ешмұратова өсірілген гүлдер жақын күндері университет аумағына отырғызуға дайын екенін айтты.
– Практикалық сабақтар барысында студенттер көпжылдық және біржылдық гүлдердің әртүрлі түрлерін өсірді. Атап айтқанда, көпжылдықтар қатарында канна, калла, хризантема, раушан гүлдері, ал біржылдықтардан шырайгүл, барқыт тағы басқа гүлдер бар. Бұған қоса, салат жапырағы, аскөк, ақжелкен, жалбыз сынды көкөніс дақылдары мен көк шөптер де егілді, – деді агроном маман.
Жылыжай меңгерушісінің айтуынша, бұл жоба студенттердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге айтарлықтай үлес қосып отыр.
– Бұл жұмыс тек аумақты абаттандырумен шектелмейді. Студенттер өсімдіктердің түрлі ерекшеліктері, күтіп-баптау тәсілдері, топырақпен жұмыс істеу, маусымдық отырғызу сынды агробиологиялық дағдыларды меңгерді. Бұл – олардың болашақ маман ретінде алғашқы нақты қадамы әрі табиғатпен үйлесімді жұмыс істеудің үлкен мектебі, – дейді Сарбиназ Ешмұратова.
Айта кетейік, гүлдерді 1–10 мамыр аралығында университеттің бас ғимараты, Heriot-Watt Ақтөбе кампусы, Студенттер сарайы, спорт кешені, Жастар үйі мен жатақханалар маңына отырғызу жоспарланған.