Басты бет > Ғылым және инновация > Жұбанов университеті ғалымдарының жобалары гранттық қаржыландыруға ие болды
4
Жұбанов университеті ғалымдарының жобалары гранттық қаржыландыруға ие болды

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсында Жұбанов университетінің ғалымдары грант ұтып алды.

Атап айтсақ, «Ағылшын және неміс тілдері» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Әсел Утегенова ұсынған «AP27510383 – Мектеп оқушыларының ұлттық санасын қалыптастыруға Қазақстан мектептеріндегі тілдік ландшафттың тигізетін әсері» жобасы, аға ғылыми қызметкер, PhD Ербол Қуатбайдың «AP27511881 – Отандық ильменит шикізатынан сапалы титан құрамды қож алудың инновациялық технологиясын зерттеу және әзірлеу» жобасы және «Экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Мұрат Махамбетовтің «AP27511521 – ГАЖ-технологияларын пайдалану арқылы Ақтау және Атырау қалаларының қалалық ортасындағы жасыл желектердің жағдайын және топырақ сапасын геоэкологиялық бағалау» жобасы жеңімпаз атанды.

Әсел Утегенованың жобасы Қазақстан Республикасының географиялық жағынан бөлінісі бойынша бес өңіріндегі мектептердің тілдік ландшафтын сандық және сапалық талдау әдістерін қолдана отырып, кешенді түрде зерттеу жүргізуді көздейді. Зерттеу нәтижелерінің негізінде оқушылардың бойында қазақ тілін үйренуге деген мотивацияны арттыруға бағытталған, ұлттық сананы және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үшін геймификация әдісіне негізделген цифрлық платформа әзірлеу жоспарланып отыр.

Ербол Қуатбайдың жобасы өнеркәсіптік жағдайларды модельдейтін электр доғалы кен-термиялық пешінде Қазақстан Республикасының төмен сұрыпты минералдық шикізатынан бай титан қожын балқыту технологиясын әзірлеуге бағытталған. Жобаны жүзеге асыру барысында титан құрамды отандық төмен сұрыпты шикізаттан бай титан қожын карботермиялық тәсілмен балқытудың тиімді технологиясы әзірленеді.

Мұрат Махамбетовтің зерттеуінде ГАЖ технологиясын пайдалана отырып, Ақтау және Атырау қалаларының қалалық ортасындағы жасыл кеңістіктердің қазіргі геоэкологиялық жағдайы мен топырақ сапасын бағалау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша, зерттелетін қалалардың қалалық аумақтарындағы жасыл кеңістіктер мен топырақтардың қазіргі геоэкологиялық жағдайының Атласын жасау жоспарланып отыр. Қашықтықтан зондтау материалдары да зерттеу жұмыстарының маңызды компоненті болып табылады.

Ғалымдарымызды құттықтаймыз!