
Жұбанов университетінде жоғары оқу орны кітапханаларының цифрлық жаңғыруы мен даму бағыттары талқыланды
2025 жылғы 21 сәуірде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ұлттық кітап күніне орай «Кітапхананың заманауи дамуы – цифрлық дәуірге бейімделу» тақырыбында маңызды форум өтті.
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен жетекші кітапхана мамандары, ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумда Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров сөз сөйлеп, кітапханалардың цифрлық дәуірге бейімделуінің маңыздылығын атап өтті. Ол форумның кітапхана қызметін жаңғырту, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер арқылы білім кеңістігін дамытуға арналған алаң екенін айтты.
Ғылыми жиын барысында бірнеше өзекті тақырыптар талқыланды. Цифрлық дәуірдегі кітапханалардың білім мен мәдениетті дамытудағы рөлі, жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының ынтымақтастық бағыттары, ақпараттандыру мен қоғаммен байланыс стратегиялары, сондай-ақ халықаралық ғылыми ресурстарды пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар кітапханаларды заманауи форматқа көшіру жолдары, инновациялық жобалар мен оқырмандарды тарту әдістері де ерекше назарда болды.
Жұбанов университеті кітапханасының Қорды жинақтау және сақтау офисінің бас кітапханашысы Саулет Тажигалиева өз баяндамасында Жұбанов университеті кітапханасының цифрлық дәуірге бейімделу жолдарын, атап айтқанда кітапхана қызметіне заманауи технологияларды енгізу, электронды қорларды басқару жүйесін жетілдіру және оқырманға ыңғайлы онлайн сервистерді қалыптастыру бағытындағы тәжірибелермен бөлісті. Ол сондай-ақ, студенттер мен оқытушыларға қолжетімді цифрлық білім ресурстары, автоматтандырылған іздеу жүйелері мен электрондық оқу залдарының маңызын атап өтіп, бұл өзгерістердің білім беру сапасына тікелей әсер етіп жатқанын жеткізді.
«Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлжан Иржанова өз сөзінде еліміздегі ЖОО кітапханаларының келешегі мен оларды біріктіретін ортақ платформалар құру мәселесіне тоқталды. Ол қазіргі заманғы кітапханалар тек ақпарат сақтайтын орын емес, білім мен инновацияның, цифрлық сауаттылықты қалыптастырудың, ғылыми ізденісті қолдаудың орталығына айналуы керектігін баса айтты.
ТМД елдеріндегі бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Дмитрий Сазонов тыңдаушыларға халықаралық платформалар, QR-технологиялар, виртуалды кітап сөрелері мен интерактивті оқыту құралдары арқылы кітапханаларды оқырманға бұрын-соңды болмаған деңгейде жақындату мүмкіндіктері туралы айтты. Ол сондай-ақ, цифрлық шешімдердің көмегімен көп тілді қолдау, сирек қорларға қолжетімділік пен қолданушыға бейімделген контент ұсыну мәселелерін көтерді.
Бұдан бөлек, форумда кітапханалар қызметін жаңғырту, инновациялық жобаларды іске асыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру және болашақ мамандарды ақпараттық сауаттылыққа баулу мәселелері жан-жақты қарастырылды.