Басты бет > Жастар саясаты > Жұбанов университетінің студенттері «Таза Қазақстан» фестиваліне қатысты
4
Жұбанов университетінің студенттері «Таза Қазақстан» фестиваліне қатысты

Жұбанов университетінің белсенді студенттері - Студенттік үкімет Президенті Ақбота Көптілеу және «Eco Madeniet» эко волонтёрлар қозғалысының негізін қалаушы Темірлан Жолдыбай Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Таза Қазақстан» фестиваліне қатысып, экология саласындағы маңызды бастамаларға атсалысты.

Фестиваль 2024 жылғы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосқан белсенді қатысушылар мен ұйымдар марапатталды. Экологиялық бастамаларды жүзеге асыруда ерекше белсенділік танытқан еріктілер Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды.

Ақбота Көптілеу фестивальге қатысу барысындағы әсерімен бөлісті: «Президентіміз өз сөзінде әр азаматтың ел болашағы үшін экологиялық сананы арттыру мен жауапкершілік алудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының сөздері жастарға жігер берді. Айналамызды таза ұстау – баршамыздың парызымыз. Университетімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында көптеген шаралар жүзеге асты. «Таза бейсенбі» акциясы әр аптаның бейсенбі күні тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар университет ғимараттарының алдында велотұрақтар жасақталды. Біздің университетте «Eco madeniet», «EcoLeaders EconLaw», «Green Heart» экологиялық клубтары өз жұмысын бастады. Түрлі конференциялар мен форумдар ұйымдастырылды. Біз бұл бастамаларды ары қарай да жалғастырып, экологиялық сана мен жауапкершілік деңгейін арттыруды мақсат етеміз»,- дейді ол.