
Жұбанов университетінің студенттері CASE-IN халықаралық инженерлік чемпионатында жүлделі орын иеленді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өткен CASE-IN халықаралық инженерлік чемпионатының «Мұнай-химия» бағыты бойынша өңірлік жартылай финалы қорытындыланды.
CASE-IN — бұл инженерлік әлеуетті ашуға арналған ең ірі халықаралық алаңдардың бірі. Чемпионат жыл сайын мыңдаған студенттер мен жас мамандарды біріктіріп, жетекші өнеркәсіптік компаниялар ұсынған нақты өндірістік кейстерді шешу арқылы инженерлік ойлау, аналитикалық және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Биылғы кезеңге Алматы, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Орал және басқа да қалалардан 12 команда қатысты.
Жұбанов университетінің Golden Oil командасы жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленді. Команданың жетекшісі, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті, PhD, Г.Қ. Абилова чемпионатқа қатысу студенттер үшін нақты инженерлік тапсырмаларды орындауда тәжірибе жинап, жобаларын көпшілік алдында қорғау, шектеулі уақыт ішінде тиімді шешім қабылдау, командамен өзара әрекеттесу және стандарттан тыс ойлау дағдыларын дамытуға зор мүмкіндік бергенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл тәжірибе студенттердің кәсіби және ғылыми өсуіне тың серпін берді.
Golden Oil командасының құрамында «Мұнай-химиялық өндіріс технологиясы» мамандығының студенттері Қайрат Алем, Айсана Аманғали, Самал Диас және «Химиялық инжиниринг» мамандығының студенті Жанат Абдулла бар.
Студенттерімізді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетулеріне тілектеспіз!