
Жұбанов университетінде медициналық тексеру шарасы өтті
2025 жылдың 15 мамырында Жұбанов университетінде студенттер мен қызметкерлерге арналған тегін медициналық тексерулер жүргізілді. Іс-шара 2025 жылғы 12-16 мамыр аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы жариялаған Репродуктивті денсаулық апталығы аясында ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – қызметкерлер мен білім алушылардың денсаулығына назар аудару, аурулардың алдын алу және денсаулық сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Шара барысында Студенттік емхананың және "BOSS optics" оптика желісі, dr.eltaisaimanuly стоматологиясының білікті дәрігерлері тексеруден өтушілерді қабылдап, әртүрлі медициналық тексерулер жүргізді. Атап айтқанда, тіс, көз, жүрек қызметі, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тексеру жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл тексерулердің нәтижесінде ауыз қуысы ауруларының, көз ауруларының алдын алу, жүрек-қан тамырлары жүйесін сақтау, сондай-ақ гипертония мен қант диабетінің алдын алу бойынша пайдалы ұсыныстар берілді.
Дәрігерлер қабылдау барысында қаралушыларға өз денсаулығын бақылауда ұстаудың маңыздылығы жайында кеңестер беріп, салауатты өмір салтын ұстану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар туралы ақпаратпен бөлісті.