
Zhubanov дебат лигасының жеңімпаздары марапатталды
Жұбанов университетінде студенттердің зияткерлік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған «Zhubanov дебат лигасының» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Лиганың басты мақсаты – сыни ойлай алатын, өз пікірін дәлелді түрде қорғап, қоғамдық мәселелерді ашық талқылай білетін талантты жастарды анықтап, оларды қолдау.
Бір айға созылған дебат лигасы 3 ойын күнінен және 9 турдан тұрды. Пікірсайысқа барлығы 24 фракция, 48 спикер қатысты. Ұйымдастырушылық және төрешілік құрамда университеттің 2 дебат клубы мен 4 факультеттік деңгейдегі клубтардан 80-ге жуық студент белсенді түрде атсалысты.
Нәтижесінде Zhubanov дебат лигасында жоғары деңгейдегі ойынымен көзге түскен «Veredictum» фракциясы: Арай Асхатқызы мен Динара Ермекжанқызы І орынды иеленді.
ІІ орын «Логос» фракциясына бұйырды – бұл фракцияның құрамында Аяулым Сайлауова мен Іңкәр Мухабдинова өнер көрсетті.
Ал ІІІ орынды «Инь Янь» фракциясы жеңіп алды, оның құрамында Ақжарма Асау мен Альфия Абу өз ойынын табысты көрсетті.
Сонымен қатар шешендігімен және терең талдауларымен көзге түскен Аяулым Сайлауова мен Динара Ермекжанқызы «Үздік спикер» номинациясының иегері атанды.
Ал дебаттың сапалы өтуіне үлес қосқан Мерейхан Ерматов, Нұртілек Жолаев және Айару Орынбасарова «Үздік төреші» номинациясымен марапатталды.