
Репродуктивті жастағы әйелдер мен қыздардың денсаулығына қатысты мәселелер талқыланды
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы жариялаған Репродуктивті денсаулық апталығы аясында 2025 жылғы 16 мамырда Жұбанов университетінде «Репродуктивті жастағы әйелдер мен жыныстық жетілу кезеңіндегі қыздардың денсаулығына қатысты мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – репродуктивті денсаулықты сақтау және қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аудару, жастар мен әйелдер арасында осы тақырып бойынша білім беру мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Дөңгелек үстел барысында репродуктивті денсаулық, әйел ағзасының ерекшеліктері, гормондық тепе-теңдік, жоспарлы медициналық тексерулердің маңызына қатысты мәселелер талқыланды.
Ақтөбе облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы М.Н.Қорғанбаева әйелдер мен қыздардың репродуктивті денсаулығының проблемалық мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару, жатыр мойны обырының алдын алу бойынша насихаттың маңыздылығын атап өтті. Ол репродуктивті денсаулықты сақтау шаралары мен облыстағы әйелдер мен қыздарға арналған арнайы бағдарламалар жайында сөз етті.
«Ақтөбе облысының әйелдерінің аграрлық одағы» ҚБ басшысы, Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшесі Е.Ж.Шукурова репродуктивті жастағы әйелдер мен жыныстық жетілу кезеңіндегі қыздардың денсаулығына қатысты өңірде қордаланған мәселелер бойынша мәлімет берді.
Сонымен қатар Ақтөбе облысының штаттан тыс балалар гинекологы С.А.Тубулбаева, тері-венерологиялық диспанцердің меңгерушісі А.К.Еримбетов, облыстық штаттан тыс бас эндокринолог М.Ж.Калжанова репродуктивті денсаулық мәселелерін талқылап, арнайы медициналық зерттеулер мен алдын алу шараларын енгізу жайында баяндады.