Басты бет > Білім > Ағылшын тілі курсын сәтті аяқтаған 90-ға жуық оқытушы мен қызметкерге сертификаттар табысталды
4
Ағылшын тілі курсын сәтті аяқтаған 90-ға жуық оқытушы мен қызметкерге сертификаттар табысталды

Жұбанов университетінде ағылшын тілі курсын сәтті аяқтаған оқытушылар мен қызметкерлерге салтанатты түрде сертификаттар табысталды. 

2024–2025 оқу жылына арналған ағылшын тілі курсын 90-ға жуық профессор-оқытушылар мен қызметкерлер сәтті аяқтап отыр. Курс 2024 жылдың қараша айынан бастап 2025 жылдың мамыр айына дейін 6 ай көлемінде ұйымдастырылды. Қатысушылар Beginner, Elementary және Pre-Intermediate деңгейлеріне сәйкес топтарға бөлініп, сабақ алды. Курсты халықаралық деңгейдегі CELTA және IELTS сертификаттарына ие кәсіби оқытушылар жүргізді.

Айта кетейік, интенсивті ағылшын тілі курстары университетте 2022 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Үш жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл бағдарламаның нәтижесінде 300-ге жуық оқытушы мен қызметкер ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттырды.

Ағылшын тілі курсы аясында тілдік деңгейін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырған оқытушылардың 18-і «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шеңберіндегі «500 ғалым» жобасы бойынша шетелдік жетекші университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтті. Олардың қатарында Heriot-Watt University, Michigan State University, University of Minnesota, University of Reading, University of Leeds (Ұлыбритания мен АҚШ), сондай-ақ Болгариядағы South-Western University «Neofit Rilsky» сынды жоғары оқу орындары бар. Сонымен қатар 40-қа жуық оқытушы ҚР жоғары оқу орындарына докторантура бойынша оқуға түсті.