
Синьцзян қаржы-экономикалық университеті – Жұбанов университетінің стратегиялық серіктесі
2025 жылдың 13 мамырында Үрімші қаласында Жұбанов университетiнiң проректоры Хусаинов Дастан Сақтағанұлы мен Синьцзян қаржы-экономикалық университеті ректоры Джулайти Турдидің төрағалығымен Синьцзян қаржы-экономикалық университетінде Конфуций институты Алқа Мәжiлiсiнiң кезекті отырысы өттi. Конфуций институты Синьцзян қаржы-экономикалық университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бірлестікте құрылған халықаралық жоба. Мәжіліске Қытай тарапының өкілдері ретінде аталмыш университеттің басшылығы қатысты.
Жиын барысында Конфуций институтының Жұбанов университетіндегі қызметі туралы жылдық есеп таныстырылып, алдағы жоспарлар талқыланды. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде 2025 жылдың қазан айында бірлескен ғылыми конференция ұйымдастыру және екі университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының қатысуымен бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, мәжіліс аясында Жұбанов университетінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Синьцзян қаржы-экономикалық университетінде білім алып жатқан студенттермен кездесу өткізілді. Қазіргі таңда аталған университетте үш студент оқуларын жалғастыруда. Кездесу барысында студенттер өздерінің білім алу тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ жоспарларын ортаға салды.
Бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы білім беру саласындағы байланысты нығайтуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.