Басты бет > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің бітіруші түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
4
Жұбанов университетінің бітіруші түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

2025 жылғы 20 мамырда Ақтөбе облысы әкімдігі, Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы және Жұбанов университетінің ұйымдастыруымен бітіруші түлектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 50-ге жуық мекеме қатысып, 1000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Гүлмира Бирдагалеева Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке қабылдауда жас мамандар үшін арнайы талаптар қарастырылғанын айтты:

- Бүгінгі жәрмеңкеге біз 60-қа жуық бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Мемлекеттік қызмет бойынша 12 ауданнан және облыс әкімінің аппаратынан кадр бөлімінің мамандары арнайы келді. Жас мамандар үшін мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектерге (GPA 3.33 төмен емес) аудан және ауылдық округтердегі төменгі лауазымдарға кокурссыз тікелей тағайындалу мүмкіндігі бар екені туралы ақпарат бердік, — деді ол.

Ал Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко жәрмеңкенің жас мамандар мен жұмыс берушілер үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді.

Іс-шара барысында түлектер түйіндемелерін қалдырып, мансаптық кеңес беру сессияларына қатысты. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 4 курс студенті Димаш Серікбаев Темір ауданы әкімдігіне мемлекеттік қызметке орналасуға ниетті екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жәрмеңке барысында түлектер өз мамандықтарына сай жұмыс орындарын таңдауға мүмкіндік алып, түйіндемелерін ұсынды. Сонымен қатар студенттерге жұмыс іздеу тәсілдері мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер жөнінде құнды ақпарат берілді.