Басты бет > Жаңалықтар > Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының студенті Ұлттық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті
4
Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының студенті Ұлттық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті

Қаржылық мониторинг агенттігі «Заң мен тәртіп» нарративі аясында Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиаданың финалын өткізді. Аталған олимпиадаға еліміздің түрлі өңірлерінен 3 мыңнан астам студент қатысып, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік 40 студент финалға жолдама алды.

Финалға өткен қатысушылардың қатарында Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Жанель Амангали да бар.
– Олимпиада төрт бағыт бойынша өтті. Мен ақпараттық қауіпсіздік бағыты бойынша қатыстым. 3 мың студенттің арасынан үздік 40-қа өтіп, Астанада өткен финалға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Финалистерге арналып арнайы кеш ұйымдастырылып, Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы қойылған кітаптар сыйға тартылды, – дейді Жанель.

Олимпиада Maqsut Narikbayev University, AML Academy – Қаржы мониторингі академиясы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен, сондай-ақ Қаржылық қауіпсіздік саласындағы Халықаралық желілік институт өкілдерінің қатысуымен өткізілді.

Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада – бұл жай ғана білім сайысы емес, ол құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға және тұрақты экономиканы дамытуға бағытталған маңызды білім беру жобасы.