
Нұрпейіс Байғанин жасаған көне домбыраны шөбересі қайта жаңғыртып жатыр
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Визуалды өнер мамандығының 3-курс студенті, халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің шөбересі – Нұрбек Алпамысұлы Байғанин тарихи мұраны жаңғырту жолында ерекше жобаны жүзеге асыруда. Ол өзінің бабасы – Нұрпейіс Байғаниннің өз ұлы Момын Байғанинге жасап берген көне домбырасын қайта жасап, ұлт жадын тірілтіп отыр.
Аспаптың түпнұсқасы толық сақталмаған – бүгінге дейін тек домбыраның құлағы ғана жеткен. Дегенмен, дәл осы бөлшек Нұрбекке үлкен шабыт сыйлап, тарихи домбыраны түпнұсқасына барынша жақын етіп қалпына келтіруге түрткі болды.
Нұрбек Байғанин:
«Нұрпейіс атамның қолынан шыққан бұл домбыра – біздің әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының киелі мұрасы. Уақыт өте аспаптың көп бөлігі зақымданған, тек құлағы ғана аман қалған. Бірақ дәл осы бөлшек – тұтас тарихтың символы іспетті. Мен осы негізде домбыраны қайта жасап, рухани мұраны жаңғыртып жатырмын», – дейді жас шебер.
Қ. Жұбанов университетінің жанынан құрылған өнер шеберханасында жасалып жатқан бұл жұмыс – тарихи жадты тірілтудің, ұрпақ сабақтастығының және ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі. Оқу орнының оқытушылары да бұл жобаны жас буынның өз тамырына бет бұрып, рухани байлықты бағалауы деп бағалап отыр.