Басты бет > Жаңалықтар > Ғылыми кеңесте оқу жылы қорытындыланып, алдағы жоспарлар айқындалды
4
Ғылыми кеңесте оқу жылы қорытындыланып, алдағы жоспарлар айқындалды

2025 жылдың 1 шілдесінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. 

Кеңес отырысында университеттің ғылыми жетістіктері мен оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, академиялық қызметтің ағымдағы жағдайы мен даму жоспары, профессор-оқытушылар құрамының ғылымды дамытуға қосқан үлесі, 2025–2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспары, білім беру бағдарламалары бойынша ақылы бөлімге қабылдау, ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу және ғылыми атақтарға ұсыну мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар мәжіліс аясында бірқатар оқытушылар марапатталды. Экология кафедрасының доценті, PhD Мұрат Махамбетовке ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және «Жер  туралы және қоршаған ортаны қорғау» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді. 

 Музыка және хореография кафедрасының доценті, PhD Абдрашид Раимбергенов «Өнер» бағыты бойынша, Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті, PhD Гүлмира Шаңғытбаева  «Компьютерлік ғылымдар және информатика» бағыты бойынша, Математика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Алтыншаш Бекбауова «Математика» бағыты бойынша және Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Жұмажан Құлмағамбетова «Компьютерлік ғылымдар және информатика» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ие болды.

Жиын барысында кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Университеттің алдағы оқу жылындағы басты міндеттері айқындалып, ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған нақты қадамдар белгіленді.