
Жұбанов университетінің қос докторанты докторлық диссертацияларын сәтті қорғады
2025 жылғы 28 маусымда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы 8D02301 – «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша құрылған диссертациялық кеңесте Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің докторанттары Айнұр Баядилова-Алтыбаева мен Айсұлу Шуриева докторлық диссертацияларын сәтті қорғады.
Ғылыми кеңесшілері: филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев және филология ғылымдарының докторы, профессор Жанна Тектіғұл.
Қорғау барысында ізденушілер зерттеу жұмыстарының өзектілігін, теориялық және практикалық маңызын жан-жақты дәлелдеп, диссертациялық кеңес мүшелерінің сұрақтарына толық әрі нақты жауап берді. Ресми оппоненттер тарапынан диссертациялық жұмыстар жоғары бағаланып, олардың ғылыми жаңалығы мен қолданбалы мәні ерекше аталып өтті.
Диссертациялық кеңес жұмысына шетелдік және отандық танымал ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Анкара Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры, PhD Naciye Yildiz, Еге университетінің профессоры, PhD Metin Ekici, Башқұрт мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мунир Карабаев, Памуккале университетінің профессоры Бирай Нергиз, филология ғылымдарының докторы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры Жамал Манкеева, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Жайна Сәткенова, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Самалбай Дарибаев және филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Дариха Сатемирова болды.
Қатысушы ғалымдар зерттеулердің ғылыми жаңашылдығы мен өзектілігін жоғары бағалап, құнды пікірлерін білдірді.
Қорытындысында диссертациялық кеңес мүшелері бірауыздан ізденушілерге философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беру туралы шешім қабылдады.
Ғалымдарға алдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәттілік тілейміз!