
Студенттік стартап нарыққа жол ашты: Жұбановшылардың жобасын мұнай компаниясы өндірісте қолданбақ
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері Рамзан Абдуллин мен Роман Соколов өндірістік нысандарды бақылауға арналған жүйе әзірледі.
Бұл жүйе жабдықтардың техникалық жай-күйін үздіксіз бақылауға, ақауларды дер кезінде анықтауға және апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жүйе нақты уақыт режимінде қысым, температура, ұңғымалардың дебиті мен нысандардың жұмыс күйі туралы деректерді жинап, өңдейді және аналитикалық есептер ұсынады. Басшылық үшін интерактивті карта мен аналитикалық құралдар, ал операторлар үшін — шалғай кен орындарында аса маңызды оффлайн-режим қарастырылған.
Жас әзірлеушілердің жобасы мұнай саласы өкілдерінің назарын бірден аудартты. «КМК Мұнай» АҚ студенттердің бұл инновациялық шешімін жоғары бағалап, жүйені өз өндірістік үдерісіне енгізуге шешім қабылдады. Компания жобаны сатып алып, авторлық құқықты әзірлеуші студенттердің өзінде қалдырды.
Бұл оқиға жас мамандар үшін кәсіби шеберліктің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар үлкен индустрияға жасалған алғашқы қадам болды. Сондай-ақ бұл олардың алдағы уақытта инновациялық жобаларды одан әрі дамытуына зор серпін берді.
Университет басшылығы студенттік жобаның сәтті коммерциялануын ғылым мен бизнестің тиімді үйлесімінің жарқын мысалы ретінде атап өтті. Жұбанов университетінің студенттері оқу барысында ғана емес, нақты экономика саласына қажетті бәсекеге қабілетті өнімдер әзірлей алатындарын дәлелдеуде.