Басты бет > Жастар саясаты > Ақтөбе достарын шақырады
4
Ақтөбе достарын шақырады

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жаңа оқу жылы дәстүрлі мерекемен басталды. 2 қыркүйек күні Тұңғыш Президент саябағында өткен «АҚТӨБЕ ДОСТАРЫН ШАҚЫРАДЫ» атты Білім күні мен студенттерді қабылдау кеші жастардың басын қосқан айтулы шараға айналды. Мерекелік кешті университет пен Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Бұл шара студенттердің басын біріктіріп қана қоймай, Ақтөбенің еліміздегі және шетелдегі жастар үшін тартымды білім орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінде университет қабырғасында Қазақстанның барлық 14 облысынан келген жастармен қатар, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Нигериядан келген студенттер білім алуда. Бұл Ақтөбенің академиялық туризм саласында аймақтық хабқа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Шараның басты мақсаты – жаңа оқу жылының бастауын ерекше форматта атап өту, студенттердің шығармашылығы мен жастық жігерін паш ету, жастар арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар бұл мереке қаланың мүмкіндіктерімен танысып, жас кәсіпкерлердің, шығармашылық топтардың әлеуетін көрсетуге жол ашты.

Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты болды. Университеттің талантты студенттері сахна төрінде өз өнерлерін көрсетті. Қаланың жас кәсіпкерлері креативті жәрмеңке ұйымдастырып, ерекше идеяларын ұсынды. Қатысушылар үшін фото-аймақтар мен көңілді ойындар қарастырылып, серіктестердің сыйлықтары табысталды.

Мерекелік кешке университет басшылығы, оқытушылар, студенттер, қала жастары және жас кәсіпкерлер қатысты. Олардың барлығы бұл фестивальді Ақтөбедегі жастардың достығы мен шығармашылығының мерекесі ретінде бағалады.