
Жұбанов университетінде «Ата заңым – айбыным» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата заңым – айбыным» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, заң саласының мамандары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Алғашқы сөзді Ақтөбе облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы Тимур Үбішев алып, Конституцияның құқықтық мемлекет құрудағы тарихи рөліне тоқталды. Одан кейін Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім аға прокуроры Сәкен Бертлеуов «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл: 30 жылдық жол – Конституция және ел дамуы» тақырыбында баяндама жасап, негізгі жетістіктерді атап өтті.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы Манарбек Қойшыбаев заң мен тәртіптің қоғам тұрақтылығындағы маңызын айқындаса, Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының кафедра бастығы, полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Ибраева Конституцияның тұрақты даму жолындағы рөліне ғылыми тұрғыдан талдау жасады.
Сонымен қатар «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, PhD Айнұр Нурутдинова «Конституциялық құндылықтардың эволюциясы: 30 жылдық тұрақтылық пен даму» тақырыбында баяндама жасап, Ата Заңның қоғамдағы орны мен құндылықтарын жан-жақты ашып көрсетті.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақ-жауап сессиясында ойларын ортаға салды.