Басты бет > Біз туралы БАҚ > Білікті, саналы адамдар — ұлттық экономиканың арқауы
4
Білікті, саналы адамдар — ұлттық экономиканың арқауы

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры

Президенттің биылғы Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындады. Әсіресе адами капитал сапасын арттыру, ғылым мен білімді инновациялармен ұштастыру жөніндегі міндеттер қоғам үшін ерекше маңызды. Мемлекет басшысының «Білікті, саналы адамдар — ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі» деген сөзі осы бағыттағы негізгі бағдарды айқын көрсетеді.

Қазіргі таңда елге дарынды зерттеушілерді тарту, техникалық салаларда сапасы жоғары кадрларды даярлау, шетелден мықты мамандарды әкелу — экономиканың жаңа серпін алуына ықпал ететін маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыда соңғы үш жылда Ақтөбеде табысты жұмыс істеп келе жатқан Heriot-Watt университетінің кампусы айрықша үлгі бола алады. Бұл кампус аясында шетелдік профессорлар жыл бойы сабақ беріп, жергілікті жастарға халықаралық деңгейдегі сапалы білім алуға мүмкіндік жасап отыр. Мұндай тәжірибе өңірдің адами капиталын дамытуға және еліміздің техникалық мамандықтардағы бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Президент атап өткен жасанды интеллектіні мектептен бастап университетке дейін оқыту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, ғылымды экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналдыру — жоғары оқу орындарының алдында тұрған жауапты міндет. Университеттер осы міндеттерді жүзеге асыруда ғылыми зерттеулерді жетілдіріп қана қоймай, халықаралық тәжірибені енгізудің тиімді жолдарын да ұсынуға тиіс.

Жалпы алғанда, ғылым – білім – инновация үштігін нығайту, цифрландыруды өрістету, адами капиталдың сапасын көтеру — елдің болашағын айқындайтын стратегиялық басымдықтар. Президент Жолдауындағы бұл бағыттар университеттердің де күн тәртібіне айналып, жұмысына жаңа серпін беріп отыр.

https://aqtobegazeti.kz/?p=166700