
Президент жолдауы – жастар көзімен
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жастарға насихаттау мақсатында «Президент жолдауы – жастар көзімен» атты кездесу өтті. Шара 12 қыркүйек күні сағат 14:00-де Жастар сарайының «Мәңгілік ел» залында ұйымдастырылды.
Кездесуді университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Бекарыс Олжабаев жүргізді. Шараға «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әлішер Тыныштық, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин, «Aqtobe Hub» жетекшісі әрі «Sunnet Tech IT» компаниясының құрылтайшысы Серік Сүндетов, ментор Аманжол Ханиев арнайы қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Спикерлер Президент Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға тоқталып, олардың жастар өміріндегі маңызына ерекше назар аударды. Жиынға қатысқан студенттер өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Іс-шара жастардың белсенділігін арттыруға, олардың мемлекеттік бағдарламаларға деген қызығушылығын оятуға және Жолдаудың негізгі басымдықтарын кеңінен түсіндіруге бағытталды.