
Адам капиталын дамыту – Жолдаудағы басым бағыт
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті. Шараға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – Жолдауда айқындалған басым бағыттарды талқылау және білім беру саласында адам капиталын дамытудың өзекті мәселелерін қарастыру болды. Академик Кәрімбек Құрманәлиев өз сөзінде елдің тұрақты дамуы ең алдымен сапалы білім мен ғылымға байланысты екенін атап өтіп, осы бағыттағы жаңа бастамаларға тоқталды.
Кездесу барысында профессорлық-оқытушылық құрам әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты маңызды тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, ғылым мен білімді өркендету, кадрлық әлеуетті күшейту, жастардың ел болашағындағы рөлін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара қорытындысында қатысушылар Мемлекет басшысы Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосу қажеттілігін атап өтіп, білім сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.