Басты бет > Халықаралық байланыстар > Жұбанов университетінде шетелдік ғалымның қонақ дәрісі өтті
4
Жұбанов университетінде шетелдік ғалымның қонақ дәрісі өтті

2025 жылғы 22–26 қыркүйек аралығында Жұбанов университетінің физика-математика факультетінің студенттері мен жас зерттеушілері шетелдік ғалым, профессор Юрий Зоренконың «Конденсацияланған күй физикасы» тақырыбындағы дәрістерін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.

Дәріс барысында профессор конденсацияланған күй физикасының іргелі теориялық негіздері мен заманауи практикалық қолданбаларына тоқталып, тыңдаушылармен мазмұнды ғылыми талқылаулар жүргізді.

Юрий Владимирович Зоренко Польшадағы Быдгощ қаласындағы Ұлы Казимир университетінің Оптоэлектрондық материалдар кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы. Ғалым 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы және 60-тан аса ғылыми жобаның жетекшісі болған. Оның жетекшілігімен INTAS, NATO, NCN, NCBR және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылды.

Сонымен қатар ол Horizon 2020 бағдарламасы аясындағы ERA Net Plus NANOLUX 2014 ID 286 жобасының және Opus 24 LAP халықаралық жобасының үйлестірушісі болып табылады. Профессор Зоренко Польша физика қоғамының (PTF) мүшесі әрі Быдгощ бөлімшесінің төрағасы, сондай-ақ Медициналық физика бойынша Польша қоғамының (PTFM) мүшесі. Ғалымның ғылыми еңбектерінің беделін оның Хирш индексі – 36 деген жоғары көрсеткіші айғақтайды.

Профессордың дәрістері жаңа материалдар инженериясы, оптоэлектрондық құрылымдар және заманауи зерттеу әдістерін қамтып, жас зерттеушілерге теория мен практиканы ұштастыра отырып терең білім берді.