
Жасанды интеллект дәуірінде университеттің басты құндылығы - академиялық адалдық
Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумы аясында «Жоғары білім BigTech пен жасанды интеллект дәуірінде: кадрлар даярлаудың жаңа модельдері» атты панельдік сессия өтті. Іс-шараға жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен сарапшылары, сондай-ақ цифрлық индустрия өкілдері қатысты.
Пікірталаста сөз алған университет ректоры Лаура Қарабасова жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне ықпалына тоқталып, академиялық адалдықтың маңызын ерекше атап өтті.
«Ақпараттың кез келген сәтте қолжетімді болып, дайын контенттің молынан ұсынылатын уақытында ең басты құндылық – студенттің өз бетімен ойлануы мен ғылыми адалдық қағидаттарын ұстануы. Университеттердің негізгі миссиясы да осы бағытта күшейе түсуі тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар, спикер қазіргі заманда білімге деген «монополияның» біртіндеп дәстүрлі университеттерден ірі технологиялық компаниялар мен ашық білім беру платформаларына ойысып бара жатқанын атап өтті. Бұл жағдай жоғары оқу орындары үшін жаңа сын-қатерлер туғызумен қатар, тың мүмкіндіктерге де жол ашатынына назар аударды.
Панельдік сессия барысында қатысушылар жоғары білім беру жүйесінің өзгермелі жағдайда даму жолдарын, кадрларды даярлаудың инновациялық үлгілерін және жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің жаңа рөлін талқылады.
Digital Bridge 2025 аясындағы пікірталас қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік үрдістерге бейімделуі мен жаңа білім беру модельдерін енгізудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.