
Университет ректоры Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісін қабылдады
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесу өтті.
Кездесу барысында білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, тіл үйрету жобаларын дамыту, сондай-ақ ғалымдардың бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.
Кездесуге сондай-ақ Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (CNPC) Орталық Азия және Ресей бойынша бас директоры Чэнь Хуайлун қатысты.
Қ. Жұбанов атындағы университет жанындағы Конфуций институты 2010 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда Қытайдың Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің 10 маманы қызмет етіп, CNPC-Ақтөбе компаниясының мамандары мен қала тұрғындарын қытай тіліне үйретуде. Бүгінде институтта 400-ге жуық ақтөбелік білім алуда.
Сонымен қатар Жұбанов университетінің HSK қытай тілі тестілеу орталығы қатарынан екінші жыл әлем бойынша «Үздік тестілеу орталығы» атағына ие болды. Бұл жетістік университеттің халықаралық ынтымақтастық аясындағы табысты жұмысы мен қытай тілін үйретудегі жоғары сапасының дәлелі болып табылады.
Елші Хань Чуньлин Конфуций институтының қызметімен танысып, оқу үдерісін қолдау мақсатында интерактивті тақта сыйға тартты.
Кездесу жылы жағдайда өтіп, тараптар ғылыми және білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделілік танытты. Осы бағытта Жұбанов университеті мен CNPC-Ақтөбе мұнай-газ компаниясы арасында ортақ ғылыми зерттеу кабинетін ашу және нақты ғылыми жобаларды бірлесе іске асыру ұсынылды. Елші Хань Чуньлин бұл бастаманы қолдап, мұндай әріптестік екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.