
Жұбанов университеті екі дүркін әлем чемпионын қарсы алды
Өзбекстан Республикасында өткен әмбебап жекпе-жектен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған университеттің 4-курс студенті Азиза Салимгорееваны Жұбановшылар құрметпен күтіп алды.
“Дене шынықтыру және спорт” білім беру бағдарламасының студентін университет және факультет басшылығы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Өз атын әлемге танытып, ел абыройын асқақтатуды мақсат еткен спортшы унифайт спортымен айналысуды 3 жыл бұрын бастаған. 2024 жылы аталған спорт түрінен Түркияның Анталия қаласында өткізілген әлем чемпионатында бақ сынап, чемпион атанған еді. Бұған дейін ол спорттық туризм және таэквонодомен айналысып, түрлі жарыстарда жеңіске жеткен.
“Әлем чемпионатында Қазақстан мен Жұбанов университетінің атынан өнер көрсету мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой болды”,- деді Азиза.
Жас спортшының жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз!