Басты бет > Жаңалықтар > Инженерлік кадрларды даярлау: Энергетика вице-министрі Heriot-Watt Kazakhstan кампусында болды
4
Инженерлік кадрларды даярлау: Энергетика вице-министрі Heriot-Watt Kazakhstan кампусында болды

ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында ашылған британдық Heriot-Watt University Kazakhstan кампусында болды.

Вице-министр кампустың оқу үдерісімен, зертханаларымен және материалдық-техникалық базасымен танысып, еліміздің энергетика және мұнай-газ салалары үшін білікті кадрлар даярлауда мұндай халықаралық жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.

Сапар барысында Санжар Жаркешов «Мұнай инженериясы» зертханасын аралап көрді. Университет ректоры Лаура Қарабасова оқу орнындағы техникалық жабдықтармен таныстырып өтті.

Зертхана жұмысымен танысу барысында тараптар өңірлік мұнай-газ компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту, демеушілік қолдау және өндірістік әріптестікті нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Айта кетейік, Heriot-Watt Kazakhstan Campus – еліміздің батыс өңірі үшін инженерлік және техникалық бағыттағы жоғары білікті мамандар даярлайтын бірегей білім ордасы. Бұл жоба ҚР Президентінің тапсырмасы мен 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды. 2023 жылы Ұлыбританияның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі саналатын Heriot-Watt University өз тарихында алғаш рет Қазақстанда – Ақтөбе қаласында кампус ашты.

Бүгінде кампуста 500-ге жуық студент «Электроэнергетика», «Мұнай-газ инженериясы және энергоменеджмент», «Компьютерлік инженерия» бағыттары бойынша білім алады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер Heriot-Watt University мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қос дипломын иеленеді.

Heriot-Watt University – Ұлыбритания, Дубай, Малайзия және Қазақстанда кампустары бар жаһандық жоғары оқу орны. Бүгінде әлемнің 30 000-нан астам студенті One Heriot-Watt бірыңғай жүйесі бойынша білім алып жатыр.