
Жұбанов университетінің студенті АҚШ-та өткен байқауда гран-при иеленді
“Ossi di Seppia – Guttlefish Bones ” халықаралық байқауында «Дизайн» білім беру бағдарламасының студенті Альфия Усакаеваның туындысы үздік деп танылды.
Жеңімпаздың линогравюра техникасымен жасалған айрықша картинасын қазылар құрамында болған Италияның Жаңа Зеландиядағы елшісі Кристиано Маджипинто мен Жаңа Зеландиядағы Виктория университетінің ректоры Алан Джадж жоғары бағалады.
«Бұл экслибриске Эудженио Монталенің «Ossi di Seppia» шығармасы шабыт сыйлады. Картинада бейнеленген рим цифрлары бар шиыршық тәрізді теңіз қабыршағы уақыттың шексіз қозғалысын және ішкі толғанысты көрсетеді. Ал спиральдың тереңіне ұмтылған әйел бейнесі — уақыттың қадірі мен мәңгілік толғаныс сезімін білдіреді», - дейді автор.
АҚШ-та жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін экслибрис байқауының ұйымдастырушысы – Американдық кітап безендірушілер мен коллекционерлер қоғамы. Байқауға қатысушылар арасында Түркия, Франция, Италия және Польшадан келген суретшілер де бар.
Альфия Усакаеваның бұл жетістігі қазақстандық жас таланттардың халықаралық деңгейдегі шығармашылық әлеуетінің тағы бір көрсеткіші.