Басты бет > Жаңалықтар > Өндірістік үдерістерді цифрландыру
4
Өндірістік үдерістерді цифрландыру

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде дәстүрлі «Табысты түлек – 2025» фестивалі өтті. Бұл шараның басты мақсаты – студенттер мен түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беру, жұмыс беруші ұйымдармен тікелей байланыс орнату және еңбек нарығындағы өзекті мүмкіндіктермен таныстыру болды. Іс-шара аясында университеттің ғылыми жетістіктері мен өңірлік мекемелердің интерактивті көрмесі, технологиялық стендтер мен VR-көріністер ұйымдастырылып, жұмыс берушілермен ашық диалог алаңы құрылды. Сондай-ақ студенттерге арналған мансап кеңестері мен резюме, LinkedIn-профиль құру бойынша практикалық шеберлік сағаттары өтті.

Фестивальдің маңызды бөлігі – «Түлектің жолы» тақырыбындағы TEDx форматындағы кездесу болды. Онда өндіріс, білім беру, бизнес, мемлекеттік қызмет және шығармашылық салаларда табысқа жеткен Жұбанов университетінің түлектері өз жетістіктері мен тәжірибесімен бөлісті. Бұл кездесу жастардың кәсіби мотивациясын арттырып, еңбек нарығындағы талаптарды терең түсінуге мүмкіндік берді.

Биылғы жылы Жұбанов университетінің түлектері аймақтың жетекші кәсіпорындарына елеулі үлес қосып отыр. 2025 жылғы түлектердің басым бөлігі өңірдегі ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, түлектердің көбі «Ақтөбе хром қосындылары зауыты», «Қазақтелеком» АҚ Ақтөбе филиалы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Актюбинский рельс-арқалық зауыты» ЖШС, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ұйымдарда еңбек етуде. Бұл көрсеткіштер университеттің еңбек нарығымен тұрақты байланысын және мамандар даярлаудағы сапалы нәтижесін айғақтайды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы оқу жылында университет түлектерінің 78%-ы жұмысқа орналасқан, олардың 65%-ы өз мамандығына сәйкес қызметке кіріскен. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында педагогика, инженерия, IT және экономика бағыттары бар. Мұндай оң көрсеткіштер оқу ордасының дуальды оқыту жүйесін дамытуы мен кәсіпорындармен бірлескен тәжірибелік бағдарламалардың тиімділігін дәлелдейді.

«Табысты түлек – 2025» фестивалі жұмыс берушілер мен жастар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, білім мен бизнестің интеграциясын жандандыруға бағытталған маңызды платформаға айналды. Университет түлектері өңірлік экономиканың әр саласында өз орнын тауып, кәсіби әлеуетін көрсетіп келеді. Бұл – Жұбанов университетінің сапалы білім берудегі және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудағы жүйелі жұмысының айқын нәтижесі.