Басты бет > Жастар саясаты > Жастарды қолдау бағытында жаңа келісім жасалды
4
Жастарды қолдау бағытында жаңа келісім жасалды

Университетіміздің белсенді студенттері Қазақстан студенттер альянсының төрағасы, республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукенмен кездесті.

Кездесу студенттік өзін-өзі басқаруды жетілдіру және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Ұлан Наукен студенттердің қоғамдағы рөлін айқындап, көшбасшылық пен әлеуметтік бастамаларды дамытудың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, Жұбанов университеті – Ақтөбе жастарының белсенді орталығының бірі. Университет басшылығы жастар саясатын қолдап, олардың идеяларын іске асыруға мүмкіндік беріп келеді.

Кездесу соңында Жұбанов университеті мен Қазақстан студенттер альянсы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат студенттердің құқықтарын қорғауға, әлеуметтік белсенділігін қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда университетте 30-ға жуық студенттік ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында дебат клубтары, театр студиясы, еріктілер қозғалысы, медиа және спорт клубтары бар. Бұл ұйымдар жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, университет өмірін жандандыруға үлес қосуда.