Басты бет > Білім > Білім сапасын арттыру және педагог даярлау ісі – бірлескен жауапкершілік
4
Білім сапасын арттыру және педагог даярлау ісі – бірлескен жауапкершілік

Университет ректоры және Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы қаладағы мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті.

Кездесуде мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім сапасына әсер ететін маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, бірлескен іс-әрекеттер жоспары бекітілді.

Тараптар педагог кадрларды даярлау, кәсіби бағдар беру және ғылыми бағыттағы ынтымақтастықты күшейту бойынша нақты ұсыныстар ұсынды.
Педагогикалық практиканы жетілдіру мақсатында студенттерді кадр тапшылығы бар білім беру ұйымдарына ұзақмерзімді практикаға бекіту тетігі қарастырылуда. Бұл тәсіл түлектердің болашақ жұмыс орнымен байланысын нығайтып, мектептердегі кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, университет кәсіби бағдар беру ісін дамыту үшін мектеп профориентологтарын тегін оқыту бағдарламасын іске асырып отыр. Бұл бастама оқушыларды еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында ғылым мен тәжірибені ұштастыру мәселесі де сөз болды. Университет профессорлары мектептерде сабақтарға қатысып, педагогикалық процесті зерделеу және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мүмкіндігіне ие болады. Мұндай өзара іс-қимыл педагогикалық тәжірибенің мазмұнын байытып, зерттеу тақырыптарының өзектілігін арттырады.

Инклюзивті білім беру бағыты ерекше назарда болды. Тараптар инклюзия кабинеттерін ортақ пайдалану, педагогтарды қайта даярлау және оқу-әдістемелік ресурстарды жаңарту бағыттарында бірлескен жұмыстар жүргізуге уағдаласты.

Кездесу білім беру сапасын арттыру, педагог кадрларды даярлаудың тиімді моделін қалыптастыру және университет пен мектеп арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.