Университет ректоры студенттердің ұсыныстарын тыңдады
Университет ректоры белсенді және шығармашыл студенттерді жеке қабылдады. Қабылдауда жастардың ұсыныстары мен бастамалары тыңдалып, студенттік өмірді жандандыру және шығармашылық тұлғаларды қолдау мәселелері талқыланды.
Кәсіби-шығармашылық факультетінің 1-курс студенті, ақын әрі жазушы Қарақат Әділбек ректорға өзінің алғашқы «Жан сырым» атты кітабын табыстап, екінші кітабының баспаға дайындалып жатқанын айтты. Ол сондай-ақ жеке шығармашылық кешін өткізу туралы өтінішін білдіріп, шығармашылық бағыттағы студенттерді қолдау жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Сонымен қатар студенттік үкіметтің президенті, Шет тілдері факультетінің 4-курс студенті Ақбота Көптілеу студенттерді қолдау, студенттік ұйымдардың жұмысын жетілдіру және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған бастамалары туралы айтты.
Ректор қабылдау барысында студенттердің ұсыныстарын мұқият тыңдап, университет тарапынан тек белсенді студенттер ғана емес, барша жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ алыстан келген студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру және университеттің оң имиджін қалыптастыруда медиа платформалардың маңызын арттыру туралы пікір білдірді.
Жеке қабылдау ашық әрі сенімді диалог форматында өтіп, студенттердің ой-пікірлерін еркін жеткізуіне мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жастардың бастамаларын жүзеге асыруға және университеттегі студенттік ортаны дамытуға серпін береді.
📌 Еске сала кетейік, ректор әр аптаның бейсенбі күні дәстүрлі жеке қабылдау өткізеді.
Қабылдауға жазылу үшін +7 771 783 1398 WhatsApp нөміріне хабарласып, алдын ала тіркелуге болады.