Ақтөбе ферроқорытпа зауытына танымдық экскурсия: тәжірибе мен білімнің тоғысы
Соңғы үш жыл бойы «Менеджмент», «Экономика» және «Бизнес әкімшілендіру» білім беру бағдарламаларының студенттері мен магистранттары э.ғ.к., доцент А. А. Курманалина жетекшілігімен «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» АҚ-на танымдық экскурсияларға қатысып келеді.
Экскурсияға қатысушылар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, арнайы жабдықтармен (каска, радиогид, қорғаныс көзілдірігі) қамтамасыз етіледі. Одан кейін олар зауыт аумағындағы негізгі балқыту цехтарын автобуспен аралап шығады.
Зауыт барлық цехтары, қоймалары мен газтазалау кешендерімен бірге біртұтас тетік ретінде жұмыс істейді. Алып машиналарды басқаратын барлық технологиялық үдерістер толықтай автоматтандырылған. Мамандар өндірістік деректерді үздіксіз бақылап, компьютер арқылы мониторинг жүргізеді.
Кәсіпорынның негізгі өнімдері — жоғары, орта және төмен көміртекті, қоспасы аз феррохром түрлері. Бұл өнімдер әртүрлі коррозияға төзімді болат өндірісінде – кәдімгі тот баспайтын болаттан бастап, қоспаланған және конструкциялық болатқа дейін – кеңінен қолданылады.
«АФЗ» АҚ-ның стратегиялық серіктестері Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа, АҚШ және ТМД елдерінің жетекші компаниялары болып табылады.
Экскурсия барысында студенттер мен магистранттар ферроқорытпа өндірісінің ұйымдастырылуымен, негізгі және көмекші цехтардың қызметімен танысып, зауытты жаңғыртуға бағытталған инновациялық және инвестициялық жобалар туралы ақпарат алады. Мысалы, утильдік электр станциясының құрылысы, кен өндіру көлемін арттыру, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы жобалар жөнінде мәлімет беріледі.
Қатысушыларға қызметкерлердің кәсіби дағдыларын дамыту бағдарламасы, үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген корпоративтік мәдениет, сондай-ақ еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және экологиялық стандарттарды жетілдіру бағытындағы жұмыс туралы да баяндалады.
Өндірістік тур барысында студенттер қала құраушы кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметін ұйымдастыру және басқару үдерістерін тек теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде де бақылауға мүмкіндік алады. Инновациялық №4 цехтағы өндірістік процестерді, инфрақұрылымның жұмысын көріп, феррохром өндірудің нақты кезеңдеріне куә болады.
Экскурсия білім алушыларға «Кәсіпорын экономикасы», «Өндірісті ұйымдастыру», «Өндірістік менеджмент», «Жобаларды басқару», «Персоналды басқару», «Персоналды бейімдеу», «Персоналды оқыту және дамыту», «Еңбекті ұйымдастыру және төлеу», «Мансапты басқару» пәндері бойынша, ал магистранттарға – «Кәсіпорынның инвестициялық және инновациялық қызметін ұйымдастыру», «Инновациялық жобаларды бизнес-жоспарлау», «Корпоративтік басқару» пәндері бойынша қосымша білім алуға мүмкіндік береді.
Мазмұнды әрі әсерлі экскурсия білім алушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттырады.
ERG компаниясының (Астана қ.) Медиаорталығының менеджері Е. А. Гольбик ерекше атап өткен жөн. Ол өз ісінің кәсіби, құзыретті және шығармашыл маманы ретінде танылып, командамен тиімді жұмыс істейді және жүктелген міндеттерді дер кезінде орындап келеді.
Сондай-ақ экскурсияларды ұйымдастыруға жауапты гидтерге, соның ішінде Ж. Т. Тилешевке және басқа да мамандарға алғыс білдіреміз. Олар жоғары кәсібилік пен құзыреттілікті көрсетіп, зауыттың өндірістік-шаруашылық қызметі туралы зор құрметпен әңгімелейді, білім алушылардың танымдық деңгейін арттыруға атсалысады.
Автобус жүргізушілері В. Павловец, Р. Тасымбетов және басқа қызметкерлер де жоғары деңгейдегі көлік қызметін көрсеткені үшін алғысқа лайық.
«Экономика және менеджмент» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» АҚ-пен қалыптасқан өзара серіктестік қарым-қатынасты жоғары бағалайды және алдағы уақытта да табысты ынтымақтастықтың жалғасарына сенім білдіреді.