Мықты университеттер – келешектің фабрикасы
«Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі еліміздің жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру жолындағы нақты ұстанымды айқындайды. Президенттің айтуынша, бүгінде әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Бұл – Қазақстанның білім саласындағы реформаларының нәтижесі және академиялық ықпалдастықтың жаңа кезеңі.
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы көптілділік пен академиялық ашықтықтың елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөліне ерекше тоқталды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс және қытай тілдерінде жүргізілсе, барлық оқу орындарында қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылуда. Бұл бастама шетелдік студенттердің ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарымызды танып, елімізді терең түсінуіне мүмкіндік береді.
«Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында жоғары білім беруді интернационалдандыру, ғылыми ықпалдастық пен кадрлар даярлау сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Форум жұмысына Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, сондай-ақ серіктес оқу орны – Ұлыбританияның Heriot-Watt University өкілдері қатысты. Университеттің зерттеу және импакт жөніндегі вице-ректоры Крис Терни мен халықаралық байланыс бойынша директоры Джаред Филиппи серіктестіктің тәжірибесі мен болашағы туралы пікір алмасты.
Қ. Жұбанов университеті мен Heriot-Watt University арасындағы ынтымақтастық қазақстандық жоғары білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулердің ауқымын кеңейтуге және өңірлік университеттердің халықаралық беделін күшейтуге бағытталған.