Басты бет > Жастар саясаты > Білім мен белсенділік бағаланған күн
4
Білім мен белсенділік бағаланған күн

Білім алушыларға қолдау көрсету – Жұбанов университетінің басты бағыттарының бірі. Әлеуметтік жауапкершілік пен ынталандыру қағидаттарына негізделген бұл бастама арқылы студенттерге оқу ақысына түрлі деңгейдегі жеңілдіктер берілді. Биыл 250-ден астам білім алушы университет пен серіктестер ұсынған жеңілдіктерге ие болды.

Білім мен қоғамдық өмірде белсенділік танытқан студенттерге Жұбанов университеті және «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС атынан жеңілдік сертификаттары табысталды. Сертификаттарды университет ректоры Лаура Қарабасова мен «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Абишев Абдуахит Гарибжанович салтанатты түрде табыс етті.

Шара барысында компанияның кадрлар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры екіжақты серіктестік аясында студенттерге қолдау көрсету жалғасатынын атап өтті. Өз кезегінде жеңілдік иегерлерінің бірі Көптілеу Ақбота көрсетілген қамқорлық пен сенім үшін алғысын білдірді.

Жеңілдіктер жүйесі әлеуметтік санаттағы студенттерге, оқу озаттарына, университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысушыларға, көпбалалы отбасынан шыққан жастарға, спорт және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына, сондай-ақ университет қызметкерлерінің балаларына арналған. Жеңілдік мөлшері 25 пайыздан 100 пайызға дейінгі аралықта белгіленген. Сонымен қатар студент үйлерінде қоғамдық жұмысқа белсенді араласқан білім алушылар бір жылға жатақхана ақысына толық жеңілдік алады.

Жұбанов университеті білім мен ғылымның ортасы болумен қатар, әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын оқу орны ретінде жастардың дамуына және олардың сапалы білім алуына жағдай жасауды жалғастырып келеді.