Басты бет > Жаңалықтар > Жел энергиясы – болашақтың қуаты: Plenitude Kazakhstan басшысы Жұбанов университетінде қонақ дәріс өткізді
4
Жел энергиясы – болашақтың қуаты: Plenitude Kazakhstan басшысы Жұбанов университетінде қонақ дәріс өткізді

Бүгін Ақтөбеде Plenitude Kazakhstan компаниясының бас директоры Федерико Пульезе (Federico Pugliese) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Heriot-Watt университеті кампусында қонақ дәріс өткізді.

Дәріс «Plenitude Kazakhstan компаниясының жаңартылатын энергия көздері саласындағы тәжірибесі» тақырыбына арналды. Кездесу барысында спикер «Electrical Power Engineering» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерге жел электр станциясының толық жұмыс циклі мен техникалық процестері туралы жан-жақты түсіндірді.

Ақтөбе облысының Қарғалы және Хромтау аудандарында орналасқан Бадамша-1 және Бадамша-2 жел электр станциялары бүгінде өңірдің негізгі электр энергия көзіне айналып отыр. Жалпы қуаты 96 мегаватт болатын бұл нысандар – Қазақстандағы алғашқы жеке қаржыландырылған жел станцияларының бірі. Заманауи General Electric турбиналарымен жабдықталған станциялар жыл сайын жүздеген миллион киловатт-сағат экологиялық таза энергия өндіреді. Осы жобаларды жүзеге асырып отырған Plenitude Kazakhstan компаниясы Қазақстанда сондай-ақ Shaulder күн электр станциясы (50 МВт) мен Маңғыстау гибридті энергия жобасын іске асырып келеді.

Кездесу кезінде студенттер жел және күн энергиясын өндірудің инженерлік ерекшеліктері, компанияның жергілікті кадрларды даярлау тәжірибесі мен жасыл экономикадағы мансаптық мүмкіндіктер туралы сұрақтар қойды.

Спикер Қазақстанда ашылған Heriot-Watt университетінің кампусында «Electrical and Electronic Engineering» бағдарламаларының маңызын атап өтіп, ағылшын тілінде білім алу болашақ инженерлердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретінін айтты.

Айта кетейік, Plenitude Kazakhstan – Eni компаниясының жаңартылатын энергия және декарбонизация бағытындағы еншілес ұйымы. Компания Қазақстандағы алғашқы жеке қаржыландырылған жел электр станцияларын іске қосқан және қуаты 200 МВт-тан асатын күн және жел жобаларын жүзеге асырып келеді.