Басты бет > Жаңалықтар > Ұстаз мұрасы - ұлт қазынасы
4
Ұстаз мұрасы - ұлт қазынасы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы «Әліппесінің» авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айболған Кенжеғұлова атындағы кабинет ашылды.

«Үйрен-бөліс» жобасының авторы Айболған Кенжеғұлқызы университет қабырғасында оқытушы және кафедра меңгерушісі ретінде қызмет етіп, егемендік жылдарында білім мазмұнын жаңғырту бағытында тың ізденістермен айналысты. Ол бастауыш сыныптарға арналған балама бағдарлама құрастырып, «Әліппе», «Қазақ тілі және сөз өнері», «Қазақ балалар әдебиеті», «Ата дәстүр» секілді 15 оқулықтың авторы атанды.

Ағартушылық және ғылым жолындағы еңбегі еленіп, ғалым «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ы.Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған.

Ғалымды еске алуға арналған шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Айболған Кенжеғұлқызының туған-туыстары және әріптестері қатысты. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова мен ардагер ұстаз, профессор Сембай Ерғалиұлы ғалымның ұлағатты жолы мен ғылыми мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті.

Жас педагогтардың кәсіби дамуына және ұстаздың өмірі мен еңбегін насихаттауға бағытталған кабинет заманауи құрал-жабдықтармен, естелік тақтамен, автордың ғылыми еңбектері мен жеке кітапханасындағы әдеби туындылармен толықтырылған.