Zhubanov University студенттері KASE-де тәжірибеден өтеді
Жұбанов университетінің экономика және құқық факультетінің студенттері KASE-де тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды.
Ерғали Бердешев пен Әсет Тажибаевтың «Қор нарығындағы AI шешімі» атты жобасы KASE ұйымдастырған финтех, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және қаржы саласындағы цифрлық шешімдерге арналған республикалық байқауда үздік жұмыстардың бірі ретінде танылды.
Жалпы байқау нәтижесінде 4 жоба KASE-де тәжірибеден өту құқығын алды. Сол үздік төрттіктің қатарынан Жұбанов университеті студенттерінің жобасы да табылды.
Айта кетейік, биыл байқауға антифрод, биометрия, цифрлық криминалистика және интеллектуалды модельдер бағыттары бойынша өз әзірлемелерін ұсынған 45 команда қатысты.
Байқау идеялармен алмасуға және перспективалы технологиялық шешімдерді таныстыруға арналған маңызды алаңға айналды. Сарапшылар қаржы нарығында сұранысқа ие инновациялар жасауға дайын жас мамандардың жоғары деңгейін және олардың өсіп келе жатқан әлеуетін ерекше атап өтті.