Басты бет > Жаңалықтар > Академиялық бағдар: білім және кәсіби даму
4
Академиялық бағдар: білім және кәсіби даму

Әлемнің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі — Хериот-Уатт университеті инженерия, энергетика және ақпараттық технологиялар бағыттарында жоғары білікті кадрлар даярлауымен халықаралық деңгейде кеңінен танылған.

Университеттің жаһандық кампустары мен халықаралық аккредитациялары білім алушыларға заманауи талаптарына сәйкес кешенді академиялық білім алуға, ғылыми-практикалық құзыреттерін тереңдетуге мүмкіндік беретін институционалдық орта қалыптастырады. 

Осыған орай ректор Лаура Қарабасова Хериот-Уатт университетінің білім алушыларымен ашық форматтағы кездесу өткізіп, білім беру үдерісі, академиялық мүмкіндіктер және халықаралық бағдарламалар туралы кеңінен пікір алмасты.

Кездесу барысында ректор қазіргі білім беру жүйесіндегі жаһандық трендтерге тоқталып, электроэнергетика, компьютерлік инженерия, мұнай инженериясы және энергоменеджмент бағыттары бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы университеттің рөліне ерекше мән берді. Сонымен қатар студенттерге шетелдік кампустармен академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос диплом жобалары және серіктес ірі кәсіпорындардағы өндірістік тәжірибе мүмкіндіктері жөнінде ақпарат ұсынылды.

Студенттер ректормен тікелей сұхбаттасып, университет инфрақұрылымы, зертханалық мүмкіндіктер және академиялық бағдарламалар бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ректор жастардың белсенділігі мен білімге деген ынтасын жоғары бағалап, университет тарапынан олардың кәсіби дамуына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.

Кездесу соңында ректор оқу сапасын арттыруға бағытталған алдағы жоспарлармен бөлісіп, білім алушыларды университеттің жаңа бастамаларына белсенді қатысуға шақырды.