Басты бет > Жаңалықтар > Құқықтық сауаттылық - қоғамдық тәртіптің алғышарты
4
Құқықтық сауаттылық - қоғамдық тәртіптің алғышарты

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдық тәртіпті сақтау маңыздылығын түсіндіру мақсатында “Заң және тәртіп” идеологемасы аясында білім алушылармен кездесті. 

Шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Батырхан Жолдас Нұрланұлы, Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Саймағамбетов Ардана Мұратұлы, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Әлібаев Талғат Айтбайұлы, Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Есенкельдиев Шаймерден Тәжіқұлұлы және Басқарма мүшесі, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Қартжан Нарқозы Есенгелдіұлы қатысты. 

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Спикерлер қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде жастардың құқықтық сауаттылығы шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар құқықтық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, киберқылмыстардың алдын алу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Сондай-ақ шарада құқық қорғау органдарының қызметкерлері нақты статистикалық мәліметтер мен тәжірибеден алынған мысалдар келтіріп, білім алушыларға туындаған мәселелер бойынша практикалық кеңестер ұсынды.