Басты бет > Жаңалықтар > Ашық диалог: қауіпсіздік және әлеуметтік қолдау
4
Ашық диалог: қауіпсіздік және әлеуметтік қолдау

Университетте «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы аясында  университет әкімшілігінің өкілдері, зерттеушілері, оқытушылары және психологиялық қауіпсіздік саласының мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шараның  мақсаты – қауіпсіз орта қалыптастыру, гендерлік теңдікті ілгерілету және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне академиялық қауымдастықтың назарын аудару.

Қатысушылар қауіпсіздік мәселелеріне айрықша мән берудің, әлеуметтік жәрдем қажет ететін тұлғаларға дер кезінде көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Қоғамда түрлі сын-қатерлердің артуына байланысты өзара қолдау мәдениетін нығайту, күрделі тақырыптарды ашық талқылау және сыйластыққа негізделген коммуникация құру тәжірибелерін қалыптастырудың өзектілігіне тоқталды. 

Шара барысында университет пен «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы арасында білім алушыларға арналған кешенді психологиялық қолдау жүйесін дамыту және әлеуметтік қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл кездесу әлеуметтік және білім беру салаларындағы ортақ өзгерістер мен жаңашылдықты зерделеуге мүмкіндік берген талқы алаңына айналды.

Жұбанов университеті құрмет, инклюзия және кез келген түрдегі кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қағидатын ұстанады. Сондай-ақ, әрбір білім алушы мен қызметкер үшін қауіпсіз және қолайлы орта құруға ұмтылады.