Грант және ҰБТ: грантта оқу мүмкіндіктерін арттыру туралы университет талдауы
Жұбанов университетінде 2026 жылы өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу және мемлекеттік гранттар бойынша ақпараттық кездесу өтті. Іс-шараға қалалық білім бөлімінің өкілдері мен Жұбанов университетінің басқарма мүшелері, Heriot-Watt University және Global College мамандары қатысып, ата-аналарға маңызды жаңалықтар мен өзекті мәліметтер ұсынды.
Кездесу барысында мамандар Heriot-Watt университетіне қаңтар және наурыз айларында өтетін ҰБТ нәтижелерімен мемлекеттік грантқа өтініш беруге болатынын атап өтті. Бұл түлектерге инженерлік және техникалық бағыттарда халықаралық деңгейдегі сапалы білім алуға, Heriot-Watt университетінің Шотландия, Малайзия және Дубайдағы кампустарында академиялық ауысыммен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Спикерлер ата-аналарға 2026 жылғы ҰБТ форматы, грантқа құжат тапсыру тәртібі, квоталар, конкурстық талаптар, түлектердің психологиялық дайындығы және мамандық таңдаудың негізгі аспектілері бойынша толық ақпарат берді. Сонымен қатар, ата-аналар сала мамандарына академиялық бағдарламалар мен шекті балл туралы сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Шара соңында ата-аналарға арналған кампус тур өткізіліп, қабылдау комиссиясы әр білім беру бағдарламасы бойынша кеңес беру және түсіндірме жұмыстарын жүргізді.