Университет ректоры Малайзияның Қазақстандағы Елшісін қабылдады
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Малайзияның Қазақстандағы Елшісі Мохаммад Адли бин Абдуллахпен кездесу өтті. Кездесуде екіжақты серіктестікті дамыту, білім алушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясын кеңейту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ректор университеттің халықаралық байланыстарды нығайтуға ерекше мән беретінін және Хериот-Уатт университетінің жергілікті және Малайзиядағы кампустары арасындағы әріптестікті кеңейту стратегиялық басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
Осы тұрғыда, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 2024-2025 оқу жылында 14 білім алушы, биылғы оқу жылында 12 білім алушы Хериот-Уатт университетінің Малайзиядағы кампусында білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Өз кезегінде Малайзия елшісі Мохаммад Адли бин Абдуллах Жұбанов университетінің өңірлік және мемлекеттік деңгейдегі рөлін жоғары бағалап, Малайзияның жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, қысқа мерзімді тағылымдамалар және мәдени алмасу бағыттарында өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Университет басшылығы халықаралық байланыстардың кеңеюі студенттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру бағдарламаларының сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін атап өтті.